Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

Әкімдіктің регламенті

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің 
2020 жылғы «20» желтоқсандағы 
№ 304 қаулысымен бекiтiлген

Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің  регламентi

1. Жалпы ережелер

1. Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмдігі (бұдан әрi — әкiмдік) Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бiртұтас жүйесiне кiредi, атқарушы биліктiң жалпымемлекеттiк саясатын тиiстi аумақты дамыту мүдделерiмен және қажеттiлiгiмен үйлестіру жүргiзудi қамтамасыз етедi.

2. Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмі әкімдік құрамын Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмінің орынбасарларынан, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмінің аппарат басшысынан, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бiрiншi басшыларынан құрады.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмі әкiмдік мүшелерiнiң санын айқындайды.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмі әкiмдіктің дербес құрамын айқындайды және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы мәслихатының сессия шешiмiмен келiсiледi.

3. Әкiмдік қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін—өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен және әкiмдіктің осы Регламентімен реттеледi.

4. Әкiмдіктің ақпараттық—талдауды тұрғысынан, ұйымдық—құқықтық және материалдық—техникалық қызметін қамтамасыз етуді Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкімінің аппараты (бұдан әрi — аппарат) жүзеге асырады.

5. Әкiмдіктің іс қағаздарын жүргiзу және әкiмдікке түсетiн хат—хабарларды өңдеу аппаратқа жүктеледi және «Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, нормативтiк құқықтық актілер талаптарына сәйкес әзiрленетiн және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының әкiмi (бұдан әрi — әкiм) бекiтетiн тәртiпте жүзеге асырылады.

6. Мемлекеттік органдарға жіберілетін шығыс хат—хабарлар (оның ішінде электрондық құжат форматында) елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделеді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі).

7. Әкiмнiң орынбасарлары мен аппарат басшысы әкiмдіктің және әкiмнiң қарауына енгiзiлетiн актілер жобалары өтуiнiң осы Регламентпен белгiленген тәртiбiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.

2. Жұмысты жоспарлау

8. Аппарат әкiмдік мүшелерiнiң және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрi — атқарушы органдар) басшыларының ұсыныстары бойынша әкiмдік мәжiлiстерiнде қаралатын мәселелердiң тоқсан сайынғы тiзбесiн жасайды.

Әкімдіктің мәжiлiстерiнде қарауға жоспарланатын мәселелердiң тiзбесiн әкiм бекiтедi.

Бекiтiлген тiзбе әкiмдік мүшелерiне, сондай—ақ қажет болған жағдайда, атқарушы органдардың басшыларына және басқа лауазымды тұлғаларға таратылады.

Әкiм аппарат басшысы ұсынатын анықтама негiзiнде тiзбеден жоспарланған мәселенi алып тастау немесе оны қарауды басқа мерзiмге ауыстыру туралы шешiм қабылдайды.

3. Әкiмдік мәжiлiстерiн дайындау және өткiзу тәртiбi

9. Әкiмдік мәжiлiстерi айына кемінде бiр рет өткiзiледi және оны әкiм шақырады.

10. Әкiмдік мәжiлiстерiнде әкiм, ал ол болмаған кезде — әкiмнiң мiндетiн атқарушы орынбасары төрағалық етедi.

11. Әкiмдік мәжiлiстерi, әдетте, ашық болады және мемлекеттiк тілде және (немесе) орыс тiлiнде жүргiзiледi. 

Қажет болған ретте, жекелеген мәселелер жабық мәжiлiстерде қаралуы мүмкiн.

12. Әкiмдік мәжiлiсi, егер оған әкiмдік мүшелерiнiң кемінде үштен екiсi қатысса, заңды болып есептеледi. 

Әкiмдіктің мәжiлiсiнде мәселенi қараудың нәтижелерi бойынша қаулы қабылданады. 

Қаулы әкiмдіктің қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады.

13. Әкiмдіктің мәжілістерінде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы мәслихатының депутаттары, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы ауылдық округтердiң және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласының әкiмдерi, сондай—ақ әкім бекіткен тізбе бойынша кеңесші дауыс құқығымен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары және өзге лауазымды адамдар қатыса алады.

14. Аппараттың және атқарушы органдардың әкiмдік мәжiлiстерінде қарауға мәселелер дайындауы мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады:

  • әкiмдік мәжiлiсiне енгiзiлетiн анықтамаларға, талдау материалдарға, қаулылар жобаларына құжатты енгiзетiн органның бiрiншi басшысы не оны алмастыратын адам (бұдан әрi — бiрiншi басшы) алдын ала бұрыштама қояды, оның қолы осы органның ресми көзқарасын растау болып табылады;
  • құжат мәтіні жазу машинкасында бір жарым жоларалық интервал арқылы немесе компьютер техникасының құрылғыларының көмегімен мөлшері 14 Тіmеs New Roman (Таймс Нью Роман) қарпімен немесе Arial жоларалық бір интервал арқылы басылады. Жекелеген жағдайларда, сондай—ақ кестелерді, қосымшаларды, орындаушы туралы белгіні, ескертпелерді ресімдеген кезде қаріп мөлшері мен жоларалық интервалды өзгертуге болады;
  • құжатты екі және одан да көп парақта ресімдеген кезде екінші және одан кейінгі парақтар нөмірленеді. Нөмірлер араб цифрларымен парақтың жоғарғы жиегінің ортасына тыныс белгісінсіз қойылады;
  • әрбiр мәселе бойынша жобаның және анықтаманың тақырыптары бiрдей болуы тиiс;
  • әкiмдіктің мәжiлiсiне енгiзiлетiн материалдарға, қажет болған ретте, қосымша ақпараттық мәлiметтер қоса берiледi;
    мәселе енгiзетiн орган немесе аппарат талқыланатын мәселелер бойынша мәжiлiске шақырылғандардың тiзiмiн айқындайды және нақтылайды. Аппарат шақырылғандардың келуiн қамтамасыз етедi.

15. Аппарат мәжілістің күн тәртібі жобасын жасайды және әкіммен не оны алмастыратын адаммен келiсiлгеннен кейiн, оны және тиiстi материалдарды аппарат басшысы бекіткен жіберілім көрсеткішіне сай, мәжiлiске дейiнгi үш күнде әкiмдік мүшелерiне және шақырылғандарға, ал қажет болған ретте, басқа да лауазымды адамдарға таратады.
Тиiстi органдар материалдарды уақытылы ұсынбаған жағдайда аппарат басшысы бұл туралы әкiмге немесе оны алмастыратын тұлғаға баяндайды. Материалдардың уақытылы ұсынылмауына жауапкершiлiк тиiстi органдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi.

Әкiмнiң тапсырмасы бойынша шұғыл түрде әкiмдік мәжiлiсiн өткiзген кезде қаралатын мәселелер бойынша материалдар аппаратқа ол өткiзiлетiн күнi енгiзiлуi мүмкiн.

16. Әкiмдік мәжiлiсiнде хаттама жүргізіліп, онда қатысқан лауазымды адамдар, талқыланатын мәселелердiң аты және мән—жайы, талқылау кезiндегi баяндамашылар мен сөз сөйлеушiлер, әкiмдік мүшелерi қабылдаған шешім көрсетiледі. Әдетте, мәжiлiстiң стенографиясы жүргiзiледi, мәжiлiстерде қаралатын мәселелер ақпараттың электрондық тасымалдағышқа жазылады.
Әкімдік мәжілісінде қабылданған шешімдерді аппараттың тиісті бөлімі мәжіліс аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде хаттамамен елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімдейді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі), оған аппарат басшысы бұрыштама қояды және мәжілісте төрағалық етуші қол қояды.
Әкiмдік мәжiлiстерiнiң хаттамаларына күнтiзбелiк жылға арналған реттiк нөмiрлер берiледi. Хаттамалар немесе олардың үзінділері оларға қол қойылған күнi әкiмдік мүшелерiне, ал қажет болған ретте, мәжiлiстерде тиiстi тапсырмалар берiлген басқа органдарға және лауазымды тұлғаларға таратылады. Жіберілім тiзбесiн аппарат басшысы бекiтедi.
Әкiмдік мәжiлiстерiнiң хаттамалары (түпнұсқалары), сондай—ақ олардың құжаттары аппаратта сақталады.
Әкiмдік мәжiлiстерiнiң хаттамалары және олардың құжаттары уақытша сақтау мерзiмдерi өткеннен кейiн мұрағатқа өткiзiледi.

4. Әкiмдік және әкiм актiлерiнiң жобаларын дайындау және ресiмдеу тәртiбi

17. Атқарушы органдар әкімдік тиісті шешім қабылдауы үшін оның атына мынадай жағдайларда ұсыныстар енгізеді:

  1. мәселенi шешу әкiмдіктің құзыретiне кiргенде;
  2. жергiлiктi атқарушы органдар арасында келіспеушілік туындаған кезде.

18. Аппарат және жергілікті атқарушы органдар әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің жобаларын (бұдан әрi — жобалар) дайындауды «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады. 

Мүдделi органдармен келiсiлген, бiрiншi басшылары қол қойған жобалар мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде ұсынылады.

19. Жобалардың уақтылы, сапалы әзiрленуiне және әкiмдікке белгiленген мерзiмдерде ұсынылуына, сондай—ақ жобаның мемлекеттiк тілдегі және орыс тiліндегi мәтiндерiнiң түпнұсқалылығына оны әзірлеуді жүзеге асырушы органның бiрiншi басшысы дербес жауапты болады.

20. Жобалар мiндеттi түрде мыналармен келісіледі:

  1. құзыретiне орай мүдделi атқарушы органдармен, бұл ретте жобаны келiсудегi мұндай мүдделiлік қаралатын мәселелердiң мән—жайы ескеріле отырып, белгiленедi;
  2. «Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен — жобаның қаржылық орындылығы және қаржыландырумен қамтамасыз етiлуi мәселелерi бойынша.

21. Жобаны әзiрлеушi жобаның көшiрмелерiн бiр мезгiлде барлық мүдделi атқарушы органдарға жiбередi.
Бұл ретте атқарушы органдарда келiсу мерзiмi бiр мезгiлде есептеледi және жобалардың түскен әрі тiркелген кезiнен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiс.

Әкiм, әкiмнiң орынбасарлары және аппарат басшысы келiсудiң өзге мерзiмдерiн белгiлей алады.
Әкiмнiң, әкiм орынбасарларының тапсырмалары бойынша шешiмдердi неғұрлым жедел қабылдау мақсатында атқарушы органдардың басшылары немесе лауазымды адамдар (лауазымы бойынша басшының орынбасарларынан төмен емес) жобаға бұрыштаманы кеңесте (мәжiлiсте) қоюы мүмкiн. Бұл ретте көрсетiлген лауазымды адамдар жобаның жасалуы немесе өздерiнiң бұрыштама қойғандығы туралы тиiстi атқарушы органның бiрiншi басшысына баяндайды.

Жобаның көшiрмесiн келiсуге алған кезде атқарушы органдар, ұйымдар жобаға басқа мүдделi органдардың алдын ала бұрыштама қоюларын талап етуге, сондай—ақ басқа желеу белгiлермен келiсуден бас тартуға тиiстi емес.

22. Келiсушi орган, ұйымдар, лауазымды тұлғалар жобаны қараудың нәтижелерi бойынша бiрiншi басшының не оны алмастыратын адамның қолы қойылған жауаптың мынадай нұсқаларының бiрiн әзiрлеушiге ұсынуы тиiс:

  1. жоба ескертулерсiз келiсiлді (жобада бұрыштама болады);
  2. жоба ескертулермен келiсiлді (жобада ескертулерiмен бұрыштама болады және ол қоса берілуі тиіс);
  3. жобаға келiсуден бас тартылды (дәлелдi бас тарту қоса берiледi).

23. Келiсу мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн жобаны әзiрлеушi мүдделi органдардың барлық ұсынысын жобаның түпкілікті нұсқасына жинақтайды (ескертулердi жояды). Бұл ретте, түпкiлiктi нұсқаны дайындау процесінде әзiрлеушi өзі келiскен атқарушы органдардың, ұйымның, лауазымды тұлғалардың ескертулерiн мiндеттi түрде жояды.

Жобаны әзiрлеушi жобаны аппаратқа мүдделі, құзырлы атқарушы органдармен, ұйымдармен, лауазымды тұлғалармен келіскеннен кейін енгізеді, жобаны келісуде қарастырылатын мәселені ескере отырып және «Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен — жобаның қаржылық орындылығы және қаржыландырумен қамтамасыз етiлуi мәселелерi бойынша мүдде белгіленеді. 

Жобаны әзiрлеушi жобаны аппаратқа енгiзу кезiнде мүддесi осы жобада қозғалып отырған орган бұрыштамасының болмау себептерiн (мұндай факт болған жағдайда) түсiндiрме жазбада көрсетедi, бұл ретте, енгiзiлген материалдарға тиiстi органға келiсу үшiн енгiзiлгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi қоса берiледi. Мұндай растау болмаған жағдайда, жоба мүдделi органға келiсуге жiберiлмеген болып есептеледi.

24. Әзiрлеушi осы жобаны қабылдау қажеттiлiгiн, ол қабылданған жағдайда, әлеуметтiк—экономикалық салдарын, оны iске асырумен байланысты болжанып отырған қаржы шығыстары негізделген түсiндiрме жазбаны, сондай—ақ бұл мәселе бойынша бұрын әкiмдіктің және әкiмнiң қандай актiлерi қабылданғаны және олардың қалай орындалғаны туралы мәлiметтердi мiндеттi түрде жобаға қоса бередi.

Егер актiлер жобалары нормативтiк сипатта болса және (немесе) әлеуметтiк—экономикалық мәселелердi қозғаса, әзiрлеушi түсiндiрме жазбада нақты мақсаттарды, күтiлiп отырған нәтижелердiң мерзiмдерін және енгiзiлiп отырған ұсыныстардың болжанып отырған тиiмдiлiгін көрсетуге мiндеттi. Бұл актiлердi әкiмдік немесе әкiм қабылдаған жағдайда, оларды іске асыру қорытындылары бойынша, әзiрлеушi, актілерде белгiленген мерзiмдерге сәйкес олардың қолданылуының нәтижелері туралы қысқаша есеп тапсыруы тиiс.

25. Жобаны әзiрлеушi мемлекеттiк органның басшысы және жобаны келісуші тұлғалар міндетті түрде жобалардың және жобаларға қосымшалардың әр парағына қол қоюы тиiс.

26. Енгізіліп отырған жобаларға:

1) осы регламентке 1—қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған келісу парағы;
Келісу парағына мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар енгізетін түсіндірме жазбаға әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қояды;

2) осы регламентке 2—қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған келісу парағы;
түсіндірме жазбаға мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар енгізетін түсіндірме жазбаға әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қояды;

3) егер салалық мүдделері жобада тікелей қозғалатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындыларының көшірмелері;

4) егер акт жобасы қолданыстағы актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді қарастырса, әр парағына қол қойылған және мемлекеттік орган – әзірлеуші қол қойған жоба редакциясының қолданыстағы және қоса берілген салыстырмалы кесте енгізілетін өзгерістер және толықтырулардың сәйкес негіздемемен;

5) акт жобасында қол болған жағдайда, мемлекеттік органның бірінші басшысы міндетін атқарушы тұлғаларға міндетті жүктеу туралы бұйрықтың немесе өкімнің көшірмесі;

6) осы регламентке 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша құрастырылған жобаға қоса берілетін құжаттар тізбесі;

7) осы регламентке 4 қосымшаға сәйкес нысан бойынша құрастырылған тарату көрсеткіші;

8) өзге қажет материалдар.

27. Жобаны әзiрлеушi жобада бiр мезгiлде әкiмдіктің қаулыларын және (немесе) әкiмнiң шешiмдерi мен өкімдерiн қабылданатын актiлерге сәйкес келтiру жөнінде норма көздейдi және (немесе) нақты мерзiмдер белгiлей отырып, оларды сәйкес келтiру туралы тапсырманы көздейдi.

28. Әзiрленген (пысықталған) жоба (оған тиiстi материалдармен бiрге) жоба бойынша сараптама жүргiзу үшiн (бұдан әрi — сараптама) және жобаны аппаратта тіркеу үшін аппаратқа енгiзiледi. Жобаны әзірлеуші әкім қол қойғанға дейін сараптама жүргізу бойынша аппаратта жобаны сүйемелдеу жүргізеді.

Аппаратта тiркелер алдында жобаның іс қағаздарын жүргiзу талаптарына сәйкестiгi тексерiледi.

Жобаның іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкес еместiгi туралы ескертулер болған ретте, аппарат жобаны тiркеуге дейiн әзiрлеушiге қайтаруға құқылы.

Жоба аппаратта тiркелгеннен кейiн оның мәтiндерiнiң мемлекеттiк тілдегі және орыс тiлiндегi түпнұсқалылығы тексерiледi және сараптамадан өтедi. Жобаға сараптама жүргізу мерзiмi жобаның әкім аппаратында тiркелген күнінен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiс.

29. Жобаларды сараптау қорытындысы аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің қорытындысы түрінде ресімделеді. 
Бұл жерде қарсы пікір жоқ болса, жоба бойынша аппараттың құрылымдық бөлімшелерімен қорытынды дайындау талап етілмейді, сараптама қорытындысы келісу парағына қол қойып ресімделеді. 

Аппарат сараптама жүргiзу барысында немесе оның нәтижелерi бойынша жобаны мынадай негiздер бойынша әзiрлеушiге пысықтауға қайтаруға құқылы:

1) жоба мәтiндерiнiң мемлекеттiк тілдегі және орыс тiлiндегі мәтіндердің түпнұсқалы еместiгi;

2) оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтiндiгi;

3) осы Регламенттiң талаптары бұзыла отырып ұсынылуы.

30. Жобаларды әкiмнiң орынбасарларында келiсу мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес жүзеге асырылады. Әкімнің орынбасарларында мазмұндық сипатта ескертулер туындаған жағдайда, олар қажет болған ретте нәтижелерi хаттамамен ресiмделетiн кеңес шақырады. Жоба аппаратта сараптамадан өткеннен кейiн аппарат басшысы ол бойынша шешiм қабылдау үшiн әкiмге не оны алмастыратын адамға баяндайды.

31. Әкімдік қаулылары әкімдік отырысында көпшілік дауыспен немесе әкімдік мүшелерінің жалпы санынан сырттай дауыс беру жолымен қабылданады. 

Әкімдік мүшелерін ауыстырусыз дауыс беру жүзеге асырылады. 

32. Жоба бойынша әкімдік мүшелерінің жалпы санынан жобаны қабылдауға көпшілігі дауыс берсе, сырттай дауыс беру өткен болып есептеледі. 

33. Қаулы жобасы бойынша дауыс беру қорытындысы осы регламентке 5—қосымшаға сәйкес тәртіпте және нысан бойынша ресімделеді. 

34. Әкімдік отырысында немесе әкімдік мүшелерінің сырттай дауыс беру жолымен қабылданған қаулы жобалары әкімге қол қоюға беріледі. 

Әкімдік қаулылары, әкімнің шешімдері және өкімдеріне электрондық және қағаз құжат нысанда елтаңбалық бланкке электрондық келісу қорытындысы болғанда әкім қол қояды. 

«ҚБП» белгісімен әкімдік қаулылары, әкімнің шешімдері және өкімдерінің қағаз данасына құжаттардың электрондық және қағаз жиынтығын тиісті қалыптастыруға, мемлекеттік және орыс тілдерінде мәтіннің тең түпнұсқасына жауапты аппараттың жалпы бөлім қызметкерлерінің, қоса орындаушы бөлімдердің, аппарат басшысының, әкім орынбасарларының қолы болғанда әкім қол қояды. 

Әкім болмағанда әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне және өкімдеріне әкімнің міндетін атқаратын тұлға қол қояды. 
Әкімдік қаулыларының жобалары әкімдік отырысында қарастырылғаннан кейін әкімге қол қоюға бір күн ішінде ұсынылу керек. Әкімдік қаулыларының жобаларын аппаратта өтудің жалпы мерзімі 3 (үш) жұмыс күннен, шешімдер және өкімдер – 2 (екі) жұмыс күннен аспауы керек. 

35. Қаулы (шешім, өкім) түпнұсқасына оған қол қойылғаннан кейін түзетулер енгізуге тыйым салынады. 

36. Әкімдік қаулыларын, әкімнің шешімдерін және өкімдерді тіркеуді және есеп жүргізуді аппараттың құжаттамалық қамтамасыз етуге жауапты бөлімшесі жүзеге асырады. 

Қол қойылған әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне және өкімдеріне мынадан тұратын тіркеу нөмерлер қойылады: 

1) құпия емес қаулыларға — жыл басынан реттік есептеу нөмер, өкімдерге — сызықша арқылы «ө» әрпін қоюмен жыл басынан реттік есептеу нөмер; 

2) «Қызметтік бапта пайдалану үшін» белгісімен таратылуы шектеулі әкімдік қаулыларына, әкімнің шешімдеріне және өкімдеріне – құпия емес қаулыларға, әкімнің шешімдеріне (өкімдеріне) және «ҚБП» әріптермен кезекті реттік нөмер; 

3) аса маңызды, өте құпия қаулыларға және өкімдерге м берілген: «ам» — «аса маңызды», «ӨҚ» — «өте құпия», «қ» — «құпия» құпия грифіне сәйкес келетін құпия емес қаулыларға (өкімдерге) жол әріптерімен дефис арқылы құпия қаулылардың (өкімдердің) есептеу нөмерін қоюмен кезекті реттік нөмер. 

37. Әкім қол қойған әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдерінің және өкімдерінің түпнұсқаларына тіркеу нөмірі берілгеннен кейін әкімнің елтаңбалық мөрмен куәландырылады. 

38. Әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері және өкімдерінің түпнұсқалары тұрақты сақталатын құжаттарға жатады және аппараттың құжаттамалық қамтамасыз етуге жауапты бөлімшесінде 15 жылдан кем емес сақталады, мерзімі өткен соң мемлекеттік сақтауға мұрағатқа тапсырылады. 

39. Әкімдік қаулыларын, әкімнің шешімдері және өкімдерін өз уақытында шығаруды және расталған көшірмелерін таратуды аппараттың құжаттамалық қамтамасыз етуге жауапты бөлімшесі жүзеге асырады. Қажеттігінше қаулылардың (өкімдердің) қосымша данасы мемлекеттік орган (әзірлеушінің) не аппараттың құрылымдық бөлімшесінің жазбаша өтініші негізінде аппараттың басшысының рұқсатымен беріледі. Құпия сипаттағы қаулылардың және өкімдердің расталған көшірмелері немесе содан үзінділер белгіленген тәртіпте шектелген мекенжайлар санына жіберіледі. 

40. Құпия емес қаулылардың, онда техникалық қате тапқанда, алдында жіберілген данасын ауыстыруды аппараттың құжаттамалық қамтамасыз етуге жауапты бөлімшесі мемлекеттік орган (әзірлеушінің) жазбаша өтініші және/немесе аппараттың жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметтік жазбасы негізінде жүзеге асырады. Бұл жерде бастапқыда қағаз тасымалдағышта данасы жіберілген алушыларға қайтадан қаулылардың (өкімдердің) түзетілген нұсқасы «Бұрынғы жіберілгеннің орнына» («Взамен ранее разосланного» мөртабанмен жіберіледі. 

41. Түзетілген, соның ішінде электрондық құжат нысандағы, электрондық цифрлық қолмен куәландырылған, осы регламентпен белгіленген тәртіпте құрылатын және қайта қол қойылатын қаулылар (өкімдер) мемлекеттік органдарға таратқышқа сәйкес жіберіледі. Жоғарыда нұсқалған мөртабанмен түзетілген нұсқаны алған соң алушылар алдында жіберілген қаулылардың (өкімдердің) қағаз данасын аппаратқа жедел қайтарулары, ал электрондық цифрлық қолмен куәландырылған электрондық құжаттар ақпараттық қауіпсіздік және ақпараттық ресурстарды қорғау саясатының талаптарына сәйкес – жойылуы керек. 

42. Аса маңызды, өте құпия және құпия қаулылар (өкімдер) аппарат басшысының хаттарымен ресми қайтарылады. 

43. Азаматтардың құқығы, бостандығы және міндетіне қатысты жалпыға міндетті маңыздағы әкімдік және (немесе) әкімнің актілері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органында мемлекеттік тіркеуге және газеттерде және (немесе) өзге мерзімді басылымда ресми жариялауға жатады. 

44. Жобаны әзірлеуші актілерді жариялау үшін жолдайды. 

45. Мемлекеттік құпия болып табылатын немесе құпия заңмен сақталатыннан басқа, әкімдікпен және әкіммен қабылданатын нормативтік—құқықтық актілермен танысу үшін мүдделі тұлғаларға қол жетімділік беру міндетті болып табылады және аппарат басшысы белгілеген тәртіпте аппаратпен жүзеге асырылады. 

46. Республиканың заңнамасына қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын айқындау, актілерді тиімді жүзеге асыру және өзгерістер, толықтырулар енгізу немесе күші жойылған деп тану бойынша өз уақытында шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдар, олар әзірлейтін, қабылданған қаулыларға, шешімдерге (өкімдерге) тұрақты мониторинг жүргізуге міндетті.

5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң, актілерi мен тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру тәртiбi

47. Заң актілерін, Президент, Yкiмет, Премьер-Министр, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң актілерін орындауды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн қол қоюға дайындау, келiсу, ұсыну және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындауды бақылау тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы» 1998 жылғы 2 қазандағы № 4097 Жарлығына, осы Регламентке және Қазақстан Республикасының өзге заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

48. Заң актілері, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң актілері мен тапсырмалары және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз құзыреттері шегіндегі өзге де тапсырмалары бақылауға алынады.

49. Заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдіктерінің және әкiмдерінiң актілері мен тапсырмаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жауапкершiлiк осылар орындауға жiберiлген атқарушы органдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi.

50. Әкiмнiң және оның орынбасарларының тапсырмаларында құжаттарды орындаудың мерзiмдерi белгiленедi. Мерзiмдер орындалмаған жағдайда, құжаттың түскен күнiнен есептелетiн орындаудың бiр айлық мерзiмi, ал «шұғыл» деген белгі болған жағдайда — он күндiк мерзiм белгiленедi.

51. Егер тапсырманың белгiленген мерзiмiнде орындалуы мүмкiн болмаса, онда тапсырманың орындалуына жауапты органның бiрiншi басшысы (не оның мiндетiн атқарушы адам) кiдiрудiң себептерi туралы хабарлауға және оны орындау мерзiмiн ұзарту туралы белгіленген тәртіппен өтiнiш беруі тиiс. Тапсырманы орындау мерзiмiн ұзартуға екi реттен артық жол берiлмейдi.

52. Заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң актілері мен тапсырмаларының орындалу мерзiмдерiн бақылау жөнiндегi қызметтi қамтамасыз етуді аппарат әкім айқындаған тәртіппен жүзеге асырады.

53. Аппарат заң актілерінің, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң актілері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкiмдi жүйелi хабардар ете отырып, әкімнің олардың орындалуын бақылау жөнiндегі қызметiн қамтамасыз етедi.

54. Әкiмнiң орынбасарлары, аппарат басшысы заң актілерін, Республика Президентiнiң, Республика Yкiметiнiң, Премьер—Министрiнiң, Солтүстік Қазақстан облысы әкiмдігінің және әкiмінiң, Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы әкiмдігінің және әкiмінiң актілері мен тапсырмаларын келісудің және орындаудың белгiленген тәртiбiнiң өрескел бұзылу фактiлерi бойынша кiнәлi лауазымды адамдарды тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту жөнiнде ұсыныстар енгiзе алады.

6. Әкімдіктің жанындағы консультативтік—кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы

55. Әкімдіктің жанынан құрылатын консультативтік—кеңесші органдар (бұдан әрі — комиссиялар) әкімдіктің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылады.

56. Әкім кейiннен әкімдік мүшелерiнiң алқалы шешiм қабылдауын талап ететiн аса маңызды мәселелер бойынша комиссияларды басқарады. Әкім басқаратын комиссиялардың құрамына мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары немесе олардың мiндеттерiн атқаратын адамдар немесе алмастыру құқығынсыз мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының орынбасарларынан төмен емес мәртебесi бар лауазымды адамдар кiредi.

Әкімнiң орынбасары әкім мен оның орынбасары арасындағы мiндеттердi бөлуге сәйкес олардың құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша не әкімнің тапсырмасы бойынша комиссияларды басқарады. Әкімнiң орынбасары басқаратын комиссиялардың құрамына алмастыру құқығынсыз мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының орынбасарларынан төмен емес мәртебесi бар лауазымды тұлғалар кiредi. 

Салааралық және ведомствоаралық мәселелер бойынша ұсыныстар әзiрлеу үшiн құрылатын комиссияларды әкімдіктiң өзге де мүшелерi басқарады. 

Осындай комиссиялардың мүшелерi болып табылатын мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының мәртебесі алмастыру құқығынсыз мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының орынбасарларынан төмен емес болуы тиiс. 

57. Жұмыс топтары әкімдіктiң құзыретiне жатқызылған нақты проблемалар мен мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылады. Жұмыс топтарының қызметі, әдетте, қысқа мерзімдік сипатта (6 айдан аз) болады және тиісті проблема және/немесе мәселе бойынша бір рет шешім қабылданғаннан кейін аяқталады. Жұмыс топтарының құрамына жұмыс тобына жүктелген міндеттерді орындайтын тікелей орындаушылар енгізіледі.

58. Комиссиялар мен жұмыс топтарының шешімдері ұсыныс сипатында болады.

59. Комиссиялар әкімдіктің қаулысымен құрылады және таратылады, жұмыс топтары әкімнің өкімімен құрылады.

60. Комиссияның құрамы және қажет болған жағдайда ол туралы ереже әкімдіктің қаулысымен айқындалады.

Жұмыс тобының құрамы әкімнің өкімімен айқындалады.

Комиссиялардың/жұмыс топтарының құрамына комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттерді шешу заңнамаға сәйкес құзыретіне кіретін ұйымдардың өкілдері енгізіледі. 

Жекелеген жағдайларда комиссиялардың/жұмыс топтарының құрамына өздерімен келісім бойынша ғылыми, үкiметтік емес және басқа да ұйымдардың өкiлдерi, ғалымдар, мамандар және өзге де адамдар енгiзiлуi мүмкiн.

Комиссиялардың/жұмыс топтарының мүшелері олардың қызметіне ауыстыру құқығынсыз қатысады.

Комиссия жұмысының ұйымдастырылуы және тәртібі осы регламентке сәйкес жүзеге асырылады, бұл туралы Комиссия туралы ережеде көрсетіледі.

Бұл ретте, Комиссия туралы ережеде міндеттері, комиссия отырыстарының кезеңділігі, сондай-ақ жұмыс органы көзделеді.

61. Мемлекеттік органдар комиссияны немесе жұмыс тобын құруға белгілі бір мәселені шешу оның құзыретінің шегінен асып, басқа мемлекеттік органдардың қызмет аясын қамтығанда не оған осы органдардың немесе әкімдіктің көмегі қажет болғанда бастамашылық жасайды. Мұндай жағдайда, комиссияны немесе жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган барлық мүдделі мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және өзге де тұлғалардан тиісті проблема немесе мәселе бойынша олардың қызметіне қатысу ықтималдығы туралы ұсыныстарын сұратады. 

62. Комиссияны/жұмыс тобын құруға бастама жасаған мемлекеттік орган осы регламентке сәйкес әкімдік қаулысының жобасын жинақталған анықтама—негіздемесімен (алдын—ала келісу сатысы )әзірлеп, әкімдікке енгізеді, онда мыналар көзделеді: 

1) комиссияны/жұмыс тобын құру негіздемесі; 

2) комиссияға/жұмыс тобына жүктелетін міндеттер;

3) комиссияның жұмыс органының функциясын орындау жүктелетін мемлекеттік орган; 

4) комиссияны/жұмыс тобын басқаратын лауазымды тұлға, сондай—ақ мемлекеттiк органдардың ұйымдардың және өзге де тұлғалардың комиссияның/жұмыс тобының құрамына кандидатуралар бойынша ұсыныстары; 

5) қажет болған жағдайда — комиссияның/жұмыс тобының қызметін қаржыландыру көздері; 

6) комиссия/жұмыс тобы қызметінің мерзімі; 

7) комиссияны/жұмыс тобын құру қажеттілігіне байланысты өзге де мән—жайлар.

Осы регламентке сәйкес әкімдік қаулысының жобасын мүдделі ұйымдармен келісілген болуы қажет. 

63. Комиссияның міндеттері әкімдіктің қаулысында белгіленеді. Жұмыс тобының міндеттері әкімнің өкімінде белгіленеді.

64. Комиссияның/жұмыс тобының органдары: 

1) жұмысшы орган (тек комиссияда жұмыс істейді); 

2) төраға/жетекші;

3) төрағаның/жетекшінің орынбасары; 

4) хатшы;

65. Комиссияны құруға бастама жасаған мемлекеттік орган болып табылатын оның жұмыс органы, комиссия төрағасы болып табылатын лауазымды тұлға не өзге ұйым Комиссия туралы ережеде көрсетіледі.

Комиссияның қызметін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс органы:

1) комиссия жұмысын ұйымдастырушылық—техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар хаттама жобасын қоса бере отырып, әкім, оның орынбасарлары немесе мемлекеттік органның лауазымды адамы басшылық жасайтын комиссия отырысы өткізілгенге дейін хаттама жобасын қоса бере отырып, ЭЦҚ қойылған электрондық құжат форматында комиссия мүшелеріне жіберілуге тиіс;

2) комиссия отырыстарына мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың өкілдерін және тұлғаларды (келісім бойынша) шақырады;

3) мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдарың өкілдерінен және тұлғалардан (келісім бойынша) қажетті ақпарат сұратады;

4) мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың мамандарын және тұлғаларды (келісім бойынша) тартады.

Мемлекеттік органның басшысы басқаратын комиссияның жұмыс органы жылына бір рет, есепті жылдан кейінгі қаңтардың 20—күнінен кешіктірмей әкімдікке комиссияның жұмысы туралы есепті ұсынады.

66. Комиссияның/жұмыс тобының төрағасы/жетекшісі оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия/жұмыс тобы жүзеге асыратын қызмет, сондай—ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестiру үшiн және комиссия/жұмыс тобы әзiрлейтiн шешiмдер үшiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауап бередi. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады. 

67. Отырыстың күн тәртібін, сондай—ақ өткізілетін күнін, уақытын және орнын комиссия төрағасы айқындайды.
Комиссия отырыстары, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды болып саналады.

68. Комиссияның/жұмыс тобының отырыстары өткізілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде комиссияның/жұмыс тобының хатшысы хаттаманы ресімдейді.

Хатшы комиссияның/жұмыс тобының мүшесi болып табылмайды. 

69. Жұмыс тобының жұмысын ұйымдастырушылық—техникалық жағынан қамтамасыз етуді оны құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган жүзеге асырады, ол жұмыс тобы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және хаттама жобасын қоса бере отырып, оларды жұмыс тобының отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын жұмыс тобының мүшелеріне ЭЦҚ қойылған электрондық құжат форматында жібереді.

70. Комиссияның/жұмыс тобының шешімдері ашық және/немесе жабық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға Комиссия/жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға/жетекшi дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

Комиссия/жұмыс тобы мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар.

Комиссияның/жұмыс тобының отырыстарын өткізудің нәтижелері бойынша 3 (үш) жұмыс күні ішінде төраға ЭЦҚ арқылы қол қоятын электрондық құжат форматындағы хаттама жасалады.

71. Комиссиялардың/жұмыс топтарының материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның/жұмыс тобының жұмыс органы жүзеге асырады. 

72. Комиссия/жұмыс тобы қызметін тоқтатуға: 

1) комиссия/жұмыс тобы қызметі мерзімінің аяқталуы; 

2) комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттердің орындалуы; 

3) бұрын комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың немесе өзге комиссияның/жұмыс тобының құрылуы;

4) комиссия/жұмыс тобы міндетінің орындалуына мүмкіндік бермейтін не орның орындалуын қажет етпейтін өзге мән—жайлар негіз болады.

Қосымша (ZIP 74 Kb)

Мақаланың шыққан күні: 05.10.2017 14:08

Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.01.2021 14:40

СҚО Мамлют ауданының әкiмi
Владислав Геннадьевич Лукин

Промышленная Революция 4.0

Ақпан 2021
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28

ҚР Әділет министрлігі

Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынады.

Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстана egov.kz Ассамблея народа Казахстана Официальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской области IPO ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТ ПОРТАЛЫ ДКБ2020 Алтын сапа Әділет Модернизация пенсионной системы Казконтент Иновационные гранты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есім Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіАстана — Ұлы дала елордасы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚ ҰК «Kazakh Invest» «БЖЗҚ» АҚ

@2021 Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

A- A A+